If you're seeing this message, it means we're having trouble loading external resources on our website.

Егер веб фильтрлерін қолдансаң, *.kastatic.org мен *.kasandbox.org домендері бұғатталмағанын тексер.

Негізгі бет

Жасушалық цикл және митозге шолу

Негізгі терминдер

ТерминМағына
Жасуша цикліЖасушаның пайда болуы мен көбеюі арасындағы өсу мен даму қадамдарының тізбегі
ИнтерфазаЖасуша өсетін және өзінің ДНҚ көшірмесін жасайтын жасуша циклінің сатысы
МитозЖасуша өзінің ДНҚ-сының екі жиынтығын екі жаңа жасушаға беріп, бөлінетін жасуша циклінің сатысы
Қатерлі ісікЖасушалардың бақылауға бағынбай өсуінен болатын ауру

Жасуша циклі

Эукариотты жасушаларда, жасуша циклі екі басты фазаға бөлінеді: интерфаза және митоз (немесе митоздық (М) фаза).
Интерфаза - жасуша циклінің ең ұзақ бөлігі. Бұл- митозға көшпес бұрын, жасушаның өсіп және өзінің ДНҚ-сын көшіру кезі. Митоз кезінде, хромосомалар бір қатарға тізіліп, бір-бірінен бөлініп, жаңа еншілес жасушаларға адырайды.
Интер- префиксі аралық дегенді білдіретіндіктен, интерфаза бір митоздық (М) фаза мен келесі фаза арасында өтеді.
Жасушалық циклдің суреті. Интерфаза G1 (жасушаның өсуі), одан кейінгі S (ДНҚ синтезі), және одан кейінгі G2 фазасынан (жасушаның өсуі) тұрады. Интерфазадан кейін митотикалық кезең басталады. Ол митоз бен цитокинезден тұрады, және нәтижесінде екі еншілес жасуша пайда болады. Митоз цитокинездің алдында жүреді, дегенмен екі процесс бір-бірімен қабаттасып келеді.
Сурет: "The cell cycle: Figure 1"," OpenStax College, Biology-ден алынған. (CC BY 3.0).

Интерфаза

Интерфаза үш кезеңнен тұрады:
  • G1 фаза: пресинтетикалық фаза; жасуша үлкейіп өсіп, органеллалар көшіріледі
  • S фаза: синтез фазасы; жасуша өзінің ядросындағы ДНҚ-ның толық көшірмесін синтездейді
  • G2 фаза: постсинтетикалық фаза; жасуша одан ары өсіп, нәруыздар мен органеллалар жасайды, және митозға дайындық ретінде құрамын қайта ұйымдастыра бастайды
Бөлінетін жасушалар G2-ны аяқтап, митозға өтеді. Баяу бөлінетін немесе мүлдем бөлінбейтін жасушалардың басқа түрлері G1 фазасынан шығып, G0 деп аталатын бөлінбейтін күйге кіруі мүмкін. Кейбір жасушалар мұнда белгісіз мерзімге қалады, ал басқалары қолайлы жағдайлар болғанда бөлінуін қайта бастай алады.

Митоз (М фаза)

Митоз процесі немесе жасушалардың бөлінуі М фазасы деген атаумен де белгілі. Осы кезде жасуша интерфазада көшірілген ДНҚ мен цитоплазманы бөліп, екі жаңа, бірдей еншілес жасушалар жасайды.
Митоз төрт негізгі фазадан тұрады: профаза, метафаза, анафаза және телофаза.

Митоздың кезеңдері

Ерте профаза. Митоздық ұршық түзіле бастайды, хромосомалар ширатыла бастайды, және ядрошық жоғалады.
Кеш профаза (прометафаза). Ядро қабықшасы бұзылады, хромосомалар толығымен ширатылған.
Метафаза. Хромосомалар метафазалық тақташада, митоздық ұршықтың әсерімен тізбектеліп тұрады. Әрбір хромосоманың екі апалы-хроматидтерін қарама-қарсы ұршық полюстерінің ұсақ түтiкшелері ұстап тұрады.
Анафаза. Апалы-хроматидтер бір-бірінен бөлініп, жасушаның қарама-қарсы полюстеріне қарай тартылады. Хромосомаларға бекітілмеген ұсақ түтікшелер ұршықтың екі полюсін ажыратып жібереді, ал кинетохор ұсақ түтікшелері хромосомаларды полюстерге қарай тартады.
Телофаза. Ұршық жоғалып кетеді, хромосомалардың әр жиынтығының айналасында ядролық жарғақ қайта түзіледі, ал әрбір жаңа ядрода ядрошық ​​қайта пайда болады. Хромосомалар да деконденсациялана бастайды.
Жануар мен өсімдік жасушаларындағы цитокинез.
Жануар жасушасындағы цитокинез: жасуша ортасының айналасындағы актин сақинасы ішке қарай қысылып, бөлшектену жүлгесі деп аталатын ойық түзеді.
Өсімдік жасушасындағы цитокинез: жасуша тақташасы жасушаның ортасында пайда болып, оны екіге бөлетін жаңа қабырға жасайды.

Қатерлі ісік және жасушалық циклдің реттелуі

Бақылау пункттері

Жасушалық цикл әдетте бақылау нүктелерімен реттеледі. Бұлар арқылы жасуша циклінде сыртқы сигналдар (молекулалық сигналдар сияқты) мен ішкі сигналдарды (ДНҚ-ның зақымдалуы сияқты) ескере отырып алға қозғалу не қозғалмау туралы шешім қабылданады.
Бақылау пункттері белгіленген жасуша циклінің диаграммасы. G1 бақылау нүктесі G1 соңына жақын (G1/S ауысуына жақын) орналасқан. G2 бақылау нүктесі G2 соңына жақын (G2/M ауысуына жақын) орналасқан. Ұршық бақылау нүктесі М фазасының ортасында орналасқан, нақтырақ айтқанда, метафаза/анафаза ауысуында.

Қатерлі ісік

Қатерлі ісік - жасушаның бақылауға бағынбай өсуінен туындайтын көптеген әртүрлі ауруларды сипаттайтын термин.
Қатерлі ісіктердің көпшілігі, олардың жылдам бөлінуін, жасушалардың бөлінуі кезінде бақылау пункттерін айналып өтуін, апоптоздан (жасушаның бағдарламаланған өлімінен) құтылып кетуін тудыратын мутациялардың кесірінен туындайды.
Жалпы, жасуша айналымын реттеушілердің екі түрінің мутациясы қатерлі ісіктің дамуына ықпал етуі мүмкін:
  • Әдетте жасушалардың өсуіне ықпал ететін оң реттегіштердің белсенділігі шамадан тыс артуы мүмкін (онкогендік).
  • Ісіктердің пайда болуына жол бермейтін теріс реттегіштер (ісік тежегіштері) белсенділігін жоғалтуы мүмкін.

Жалпы қателіктер мен қате түсініктер

  • Интерфаза митоздың бөлігіне кірмейді. Интерфаза мен митоз туралы бірге жиі айтылса да, интерфаза техникалық тұрғыдан митоздың бөлігі емес. Алайда, бұл екі процесс те үлкен жасушалық циклдің бөлігі, мұнда интерфаза жасушалық циклдің G1, S, және G2 кезеңдерінен тұрады.
  • ДНҚ репликациясы профаза емес, интерфаза кезінде жүреді. ДНҚ өзін профаза кезінде көшіреді деген жалпы жаңылыс бар, бірақ бұл дұрыс емес. Профаза кезеңінде, ДНҚ интерфазадан кейін көшіріліп қойған.
  • Еншілес жасушалардағы хромосома саны ата-ана жасушасымен бірдей. Жасуша митоздан өтпес бұрын интерфаза кезінде ДНҚ көшірілетіндіктен, бастапқы ата-ана жасушасы мен еншілес жасушалардағы ДНҚ мөлшері бірдей.
  • Генетика да, сыртқы әсерлер де қатерлі ісік ауруының пайда болуына үлесін қоса алады. Көптеген қатерлі ісік түрлерінің генетикалық құраушысы бар, сондықтан белгілі бір гендердің тұқым қуалауы сол типті қатерлі ісіктің пайда болу ықтималдығын арттыруы мүмкін. Алайда бұл гендердің болуы міндетті түрде қатерлі ісік дамитындығын білдірмейді, өйткені өмір салты мен қоршаған орта сияқты факторлар да маңызды рөл атқарады.