If you're seeing this message, it means we're having trouble loading external resources on our website.

Егер веб фильтрлерін қолдансаң, *.kastatic.org мен *.kasandbox.org домендері бұғатталмағанын тексер.

Негізгі бет

Сабақ қорытындысы: Су және тіршілік

Негізгі терминдер

ҰғымМағынасы
Полярлы молекулаАссиметрикалы заряд үлестіріміне байланысты жартылай оң және жартылай теріс аймақтары бар нейтралды немесе зарядсыз молекула
КогезияМолекулалардың дәл сол молекула түріне тартылысы
АдгезияМолекулалардың басқа молекула түріне тартылысы
ТығыздықЗаттың массасын көлем бірлігіне шаққандағы өлшем
Меншікті жылу сыйымдылықЗаттың бір грамм мөлшерінің температурасын бір градус Цельсийге көтеру үшін қажетті жылу мөлшері
Булану жылуыСұйықтықтың бір граммын тұрақты температурада газға айналдыру үшін қажетті энергия мөлшері

Судың ерекше қасиеттері

Бір су молекуласының диаграммасы (H2O)
  1. Су - полярлы молекула. Су молекуласы полярлы және иілген құрылымға ие, сутектер жартылай оң зарядқа, ал оттек жартылай теріс зарядқа ие. Оның себебі оттектің электртерістілігі көбірек, демек ол сутекке қарағанда электрондарды тартуда жақсырақ.
  2. Су жақсы еріткіш. Судың полярлы және иондық заттарды еріту қасиеті бар. Бұл барлық тірі ағзалар үшін маңызды, өйткені су су айналымы бойынша қозғалғанда ол өзімен қоса қажетті қоректі заттарды да алады!
  3. Судың жылу сыйымдылық қасиеті жоғары. Белгілі бір су мөлшерінің температурасын бір градусқа көтеру өте көп энергияны қажет етеді, сондықтан су қоршаған ортадағы температураны реттеуге көмектеседі. Мысалы, осы қасиет арқасында тоғандағы судың температурасы атмосферадағы температураға қарамастан күні-түні салыстырмалы түрде тұрақты болып қала береді.
  4. Судың булану жылуы жоғары. Адамдар (және басқа да терлейтін жануарлар) судың жоғары булану жылуын өздерін-өзі салқындату үшін қолданады. Булану температурасына жеткенде су сұйық күйден бу күйіне ауысады. Тер көбінесе судан тұратындықтан буланған су дененің сыртқа шығарылатын артық жылуын сіңіреді. Бұл үдеріс буландырғыш салқындату деп аталады.
  5. Судың когезия және адгезия қасиеттері. Су молекулалары бір-бірімен сутекті байланыс түзе алғандықтан судың күшті когезиялық қасиеті бар. Когезия беттік керілу, демек сұйықтыққа қысым түсіргенде оның бетінің қысымға қарсы тұру үдерісіне жауапты. Сонымен қоса, су адгезиялық қасиетке де ие, соның көмегімен ол өзінен басқа да заттарға жабыса алады.
    Осы когезиялық және адгезиялық қасиеттер көптеген ағзалардағы сұйықтық қозғалысы үшін маңызды. Мысалы, солардың арқасында қоректі заттар гравитацияға қарамастан ағаштың төбесіне жетеді.
  6. Судың қатты күйдегі тығыздығы сұйық күйге қарағанда азырақ. Су қатқанда, молекулалар кристалды тор құрылымын құрап, олардың арасындағы қашықтық сұйық күйдегі қашықтықпен салыстырғанда артады. Яғни су мұздан тығызырақ, сондықтан мұз судың бетінде қалқып жүреді.
    Бұл қасиет өте маңызды, себебі тоған, көл мен мұхиттардың толығымен қатуын болдырмайды және мұз қабатының астындағы өмірдің жалғасуына жол береді.

Жалпы қателіктер мен қате түсініктер

  • Су барлығын ерітеді, өйткені ол "әмбебап еріткіш". Су көптеген қосылыстарды еріту қабілетіне ие, бірақ "әмбебап еріткіш" деген атау дұрыс емес. Су қанттар мен тұздар сияқты басқа полярлы молекулалар мен иондарды еріте алады. Дегенмен май сияқты полярлы емес молекулаларда жартылай оң не жартылай теріс заряд болмағандықтан олар су молекулаларына тартылмайды. Соның себебінен май сияқты полярлы емес қосылыстарды суға қосқанда олар "бөлек" болып қала береді.